Ерлер дәрігерге қаралуды әйелдерден үйренуі керек

Бахадүр Сүлейменов, профессор, уролог

Ерлер дәрігерге қаралуды әйелдерден үйренуі керек

- Елімізде ерлер денсаулығы елеусіз қалғандай болады кейде. Олай дейтініміз, күннен күнге бедеулік ауруына шалдыққан ерлердің саны артып барады. Ал статистикалық деректер Қазақстанның бала сүйе алмайтын отбасылардың көптігі жөнінен әлемде алдыңғы орынға шыққанын көрсетті. Ерлер денсаулығы қаншалықты өзекті мәселеге айналды қазіргі таңда?

-Демография мәселесін басты орынға қойып отырған Қазақстан үшін азаматтардың денсаулығына мән беріп,жіті көніл бөлу өте маңызды. «Қазақстан-2030» стратегиялық бағдарламасында денсаулық сақтау саласын дамыту басты бағыттардың бірі ретінде көрсетілгені де тегіннен-тегіс емес.

Дегенмен бізде шешімін таппай отырған мәселелердің бар екенін жоққа шығаруға болмас. Соның бірі, өзіңіз айтып отырған ерлер денсаулығының нашарлауы. Жалпы Қазақстанда әйелдерге қарағанда ерлердің денсаулығы анағұрлым алаңдатарлық деңгейде. Отбасында бала болмаудың да көп себебі ерлерге байланысты. Азаматтарымыз өз денсаулығына немқұрайлы қарайтындықтан, дәрігерге дер кезінде көрінбейтіндіктен бала сүюге қабілетсіз.

Мәселен, жақында Мырзакерім Алшынбаев басқаратын Алматыдағы урология орталығының мамандары елдегі 25 мың ер азаматты тексеруден өткізген. Тексеріс нәтижесінде олардың 30 пайызы бедеу болып шыққан. Егер бұдан да ауқымды тексеретін болсақ, бұл көрсеткіш 40 пайызды құрауы мүмкін. Бұл нені көрсетеді? Егер осылай кете беретін болсақ, онда демографияны жақсартамыз деген мақсатымызға жете алмаймыз.

-«Ауқымды тексеретін болсақ» дегеніңізге қарағанда бізде әлі де ерлер денсаулығын тексеру жұмыстары дұрыс жолға қойылмаған екен-ау деп топшылай беруге болатын сияқты?..

-Сөзіңіздің жары бар, бізде бұл жағына келгенде арнайы жүйе жасалмаған. Өткен жылдары мен Германияның бірнеше қалаларын аралап, сондағы алдынғы қатарлы уролог мамандармен тілдестім. Сонда бір байқағаным, Германияда 35 жасқа келген әрбір ер адам міндетті түрде толықтай медициналық тексерілуден өтеді екен. Жалпы Германия бүгінгі күні «қуық безі ісігі» ауруынан бірінші орын алады әлемде. Неге деп сұрағанымда, онда ауруды анықтау көрсеткіші жоғары екен. Яғни, ерлердің барлығы міндетті тексерілуден өтетіндіктен ауру жиі анықталады. Ал бізге қалай? Қаланы былай қойғанда, ауыл адамдары уролог мамандарына бармайды. Әрине, бармағандықтан олардың қандай аурумен ауыратыны белгісіз күйінде қала береді. Жасы келген ерлер зәрі тоқтап қалмағанша дәрігерге жүгінбейді. Зәрі тоқтап қалып, қайтыс болып жатқандары да өте көп. Олар дәрігерге келмегендіктен ісік ауруы болда ма, жоқ аденома ма, ол жағы белгісіз күйінде қалады. Біз дәрігерге қаралуды әйелдерден үйренуіміз керек. Олар екі айда, жарты жылда бір рет дәрігерге тексеріліп тұрады.

-Мамандар Қазақстанда «ерлер денсаулығы» деген арнайы бағдарлама енгізуді ұсынып отыр. Бұған қалай қарайсыз? Егер қабылданып жатса, онда қандай мәселелер қамтылуы керек?

-Мұндай бағдарлама Ресейде бар. Онда ерлер денсаулығын жақсарту үшін арнайы жоспар жасалған. Бағдарламаны жүзеге асыру үшін үнемі үкіметтен қомақты қаражат бөлініп тұрады. Әрине, мұндай бағдарлама біз үшін керек. Мәселен, біз қазақтың санын көбейтеміз дейміз. Ал шын мәнінде Қазақстанда 40 пайыздан астам отбасының баласы жоқ. Біздің болжауымыз бойынша, отбасында бала сүйе алмау себебінің 30 пайызы ғана әйелге, ал 70 пайызы ер адамға байланысты. Шынын айту керек, бұған кейбір ер азаматтың жиі сал-серілік құрып, түрлі инфекциялар жұқтыруы, дәрігерге дер кезінде қаралмауы себеп. Сосын ер адам өзіндегі ауруды онша сезбейді. Сифилис, іріңдеу болса ғана дәрігерге жүгіреді де, ішкі инфекциялық аурулар болса, байқамай жүре береді. Әрбір ер адамның жыныс мүшесінде қуық безі деген бар. Оны ер адамның екінші жүрегі деуге де болады. Егер осы без дұрыс сақталмаса, адамның ұрығы нашарлай береді. Ұрық саны 120 миллионнан 2 миллионға дейін төмендеп кетуі мүмкін. Әрине, бұл тек емделудің арқасында жазылады.

Бұдан шығатын қорытынды, біз дәл Германиядағы сияқты ер адамдарды міндетті тексеруліден өткізуіміз керек. Жаңа бағдарламаға осындай ұсыныс жасар едім.

-Кейбір азаматтар ауырғанда өз беттерінше ем іздеп жатады. Жалпы бедеуліктің алғашқы белгілерінде дәрімен жазылуға бола ма?

-Қандай ауру болса да ең алдымен дәрігерге қаралған жөн. Рас, кейде ер адамдар дәрімен-ақ құтылып кетпекші болады. Көлденең адамның кеңесімен дәрі сатып алып ішіп, сіл тәуір болса соған алданып жүре береді. Бірақ адам ағзасында инфекция қалып қоятындықтан оның соңы созылмалы ауруға ұласып кететінін ойламайды. Жыныс ауруы адам күйзелгенде, не болмаса күз, көктем айларында қозып, қуықбезінің қызметін төмендете береді. Кейбір тепсе темір үзетін жап-жас жігіттер «біз ауырып көрген емеспіз» деп жатады, алайда оны тексеріп кеп қалғанда дәл бір 70-тегі адамның қуық безі сияқты.

Дәрігерге жүгінбегендіктен,қуық безі әбден қатып қалған. Ал мұндай жігіттер тіпті 35-40 жасқа келгенде-ақ жыныстық қатынасқа түсе алмайды. «Басқа түскені осы екен ғой»деп жүре береді сосын.

-Жасырып қайтеміз, бүгінгі жастар жыныстық қатынасқа ерте жастан түседі. Бұл ұрыққа зиянын тигізбей ме?

-Әрине, зиянды. Ер адамның ұрығы 21-22 жасқа келгенде толық жетіледі. Бұл уақытта азаматтың өзі де жауапкершілікті толық сезінеді. Сондықтан ер балалардың дәл осы жастан бастап үйленіп, отбасын құруы қажет. Одан ерте, мәселен, 14-15 жастан жыныстық қатынаста болса, денсаулығына теріс әсер береді. Бірінші кезекте ол инфекция жұқтырып алуы мүмкін. Қуық безінің ішінде ацинус дейтін бөліктері бар. Олардың саны бар-жоғы елу ғана. Мұның саны кемімесе, ешқашан ұлғаймайды. Яғни, орны толмайды деген сөз. Міне, мезгілінен бұрын жыныстық қатынасқа түскен азаматтарда бұл бөліктер тез қатып, істен шығып отырады.

-Осыдан біраз уақыт бұрын Алматыдағы бір конференцияда мамандар Қазақстандағы ерлердің ұрығы Батыс елдерінің еркектеріне қарағанда анағұрлым аз деген мәлімет келтірген болатын. Бұл туралы кезінде ақпарат құралдары жазды да. Сіз мұндай пікірмен келісесіз бе?

-Менің ойымша мұндай мәліметтің еш негізі жоқ. Себебі бұған қатысты арнайы зерттеу әлі жүргізілмеген. Мамандар зерттесе, қала жігіттерін, аз қимылдайтын еркектерді зерттеген шығар. Бірақ біздің ерлердің ұрығы аз деп кесіп-пішіп айтуға болмайды. Мәселен, АҚШ-та 40-50 жастағы ерлердің айына бір-екі рет жыныстық қатынасқа баруы қалыпты жағдай деп саналады. Ал біз үшін бұл норма аз. Жалпы қазақтың гені өте жақсы. Кезінде әр қазақ шаңырағында оншақты баладан болғанын білесіз ғой. Тағы бір айта кетер жайт, бедеуліктің туа пайда болатын түрі болады. Ұрық бөлетін жасушалары дұрыс дамымаған адамдар да бар. Мұндай азаматтарға көмектесу өте киын.

-Сонда бедеулік ауруы асқыңған ерлер мүлдем бала сүйе алмай ма?

-Бедеуліктің түрлері көп. Дегенмен бедеулік тым асқынған жағдайда, жасанды жолмен бала сүюге болады. Мұны қолдан ұрықтандыру деп айтады. Қазір Мұндай жұмыспен айналысатын Астана мен Алматыда арнайы орталықтар бар. Негізі шетелде мұндай орталықтар жұмысы жақсы жолға қойылған. Мәселен, Германияда 200 жылдық тарихы бар репродуктологиялық орталық бар. Осы орталық әлемде алғашқылардың қатарында қолдан ұрықтандыру жұмысын жасаған. Тіпті 99 пайыз бедеу еркектің ұрық бөлетін жасушасын кесіп алып, арнайы ортада өсіріп, әйелдерге отырғызған. Осындай күрделі әдіс арқылы олар осы күнге дейін 95 баланы дүниеге алып келді. Қазір осы орталықта тәжірибе жинау үшін өзіміздің бір маманымызды жіберіп отырмыз.

-Ұлттық тағамдар ерлер денсаулығына қаншалықты пайдалы?

-Мен өзімді академик Шармановтың шәкіртімін деп есептеймін. Ол кісімен алғаш рет Мәскеуде ғылыми жұмыспен айналысып жүргенде кездескенбіз. Ұлттық тағамдардың пайдасы туралы Шармановтан артық айтып беретін адам жоқ шығар. Сонда да айтайын, ұлттық тағамдардың ішінде жылқының еті ерлердің денсаулығы үшін өте пайдалы. Себебі жылқыда холестеринді асырмайтын май қышқылдары, амин қышқылы бар. Ал қымызға келетін болсақ, онда адам ағзасына қажетті аскарбин қышқылын байқауға болады. Жалпы біз үшін қымыз ішіп, жылқының етін жегеннің ешқандай зияны жоқ. Егер Еуропалықадам 1-2 литр қымыз ішсе, қанында аскарбин қышқылының концентрациясы көбейіп, түрлі ауру табуы мүмкін. Ал біздің азаматтар үшін бір отырысқа екі литр қымыз ішіп, екі келі ет жеу қалыпты жағдай. Себебі, біздің ағзамыз, геніміз соған үйренген. «Қазақтардың ет жеуі» деген тақырыппен докторлық диссертация қорғағандар да бар.

-Әнгімеміздің соңында ер адамдарға қандай кеңес берер едіңіз?

- Кез келген мәдениетті адам алдымен өз денсаулығына көңіл бөлуы тиіс. Азаматтарымыз Германиядағыдай 35 жаста болмаса да, 45 жасқа келгенше толықтай медициналық тексерілуден өтсе дұрыс болады. Көбірек қимылдау ерлер ағзасына өте пайдалы. Көп қимыл жасаған азаматтың ағзасында тестостерон жақсы сақталады. Сосын жүгіріп тұрғанның пайдасы мол. Қалалық жерде тұратын азаматтар аптасына екі рет бассейнге барып тұруы керек.

Сосын дұрыс тамақтанып, суықтан қорғанудың маңызы зор.

Әңгімелескен- Нұрмұхаммед МАМЫРБЕК